Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп түсіп жатыр.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты және бауырлас Қазақстан халқын Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.
 

– Тәуелсіздік жылдарында достас Қазақстан Республикасы түрлі салада ауқымды өзгерістер мен түбегейлі реформалар жүргізгенін, Сіздің еліңіздің халықаралық аренадағы абыройы мен беделі артып келе жатқанын атап өткім келеді, – делінген жеделхатта.



Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Мемлекет басшысын Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.
 

– Әрбір қазақстандық үшін тең мүмкіндіктерге жол ашатын Жаңа және Әділетті Қазақстанды құру жөніндегі маңызды жоспарды жүзеге асыру жолында атқарып жатқан ауқымды жұмысыңыз қоғам тарапынан жоғары бағаланатынына және тарихта өз орнын алатынына сенімдімін, – деп жазылған жеделхатта.



Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай жолдаған құттықтау жеделхатында бауырлас қазақ халқына бейбітшілік және бақ-береке тілеген.
 

– Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Республикасы қоғам өмірінің барлық саласында мол табысқа қол жеткізіп, халықаралық аренада жоғары беделге ие болды және бүгінде прогресс пен өркендеу жолында алға қарай сенімді түрде қадам басып келеді, – деп жазған Тәжікстан Президенті.



Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Қазақстан Президентін Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, халықтарымызды ғасырлар бойғы достық пен тату көршілік қатынастар байланыстыратынын атап өткен.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай құттықтау жеделхаттарын БАӘ Президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай Әмірлігінің Билеушісі Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Сауд және Сауд Арабиясы Корольдігінің Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд, Индонезия Президенті Джоко Видодо, Хорватия Президенті Зоран Миланович, Парагвай Президенті Сантьяго Пенья, Гана Президенті Нана Аддо Данква Акуфо-Аддо, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхаммедов, ГФР-дың бұрынғы Федералды Президенті Хорст Кёлер, ГФР-дың бұрынғы Федералды Канцлері Герхард Шрёдер, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев және басқалар жолдады.