Соңғы жылдары жыныстық қылмыстар үшін жауапкершілік айтарлықтай күшейтілді. Жыныстық сипаттағы зорлау және зорлық-зомбылық әрекеттері аса ауыр қылмыстар санатына ауыстырылды. Жазалау шарасы 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығын айыруға көтерілді. Тараптардың татуласу мүмкіндігі алынып тасталды. Жаза мерзімдерінің төменгі және жоғарғы шектері өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін ұлғайтылды. 

Кәмелетке толмағанға қатысты ата-анасының, өгей әкесінің, өгей шешесінің немесе оны тәрбиелеу жөніндегі міндеттер жүктелген өзге адамның зорлық-зомбылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. Педофилдер енді кешірім жасау және мерзімінен бұрын босату құқығынсыз қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерде ұсталатын болады. Мұндай қылмыстарды жасырған адамдарға қатысты 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. 

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар саны 6%-ға қысқарды. Сонымен қатар 2023 жыл бойы елімізде кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстардың 22%-ға өсуі байқалады. Аталған динамиканың бір бөлігі Ішкі істер министрлігінің кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған барлық оқиғалар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді міндетті түрде жүргізу туралы тапсырмасымен байланысты», – деді спикер.  

Сондай-ақ өткен жылдың басында қолданылған карантиндік шектеулермен және ағымдағы жылы кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың өсуіне жол көлік оқиғалары, жыныстық қылмыстар, бұзақылық және ауырлығы орташа және денсаулығына ауыр зиян келтіру әсер етті. Кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстардың жалпы санының 30%-ы ерікті түрде жыныстық қатынасқа түсу нәтижесінде жасалған. Денсаулық сақтау органдарымен салыстырып тексеру барысында полиция 69 қылмысты анықтады.  Бұл жасөспірімдердің жыныстық өмірді ерте жастан бастайтындығын көрсетеді. 

Айта кетерлігі, жасөспірімдер пәтер жалдап, түрлі оқиғаларды атап өтетін жерде, көп жағдайда ата-аналар тарапының қатысуынсыз және бақылауынсыз, алкогольдік ішімдіктерді немесе есірткі заттарын пайдаланады және нәтижесінде қылмыстың құрбаны болады.