Жылыжай кешенінің жұмысымен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты.  

«Біздің облыс үшін қияр тұтыну көрсеткіші тәулігіне 50 тоннаны құрайды. Жаңа жылыжайдың өнімі облыс сұранысының 30 пайызын жауып, қыста бағаға әсер етеді», – деді облыс әкімі.

Жалпы, жаңа жылыжайдан жылына 3 мың тонна қияр, қызанақ және салат жиналмақ. «Зеленый север» серіктестігі жобаға 1,4 млрд теңге инвестиция құйды. Тағы 5,8 млрд теңгені «Солтүстік» ӘКК жеңілдетілген несие түрінде қаржыландырды. Мемлекет инженерлік желілерді тартуға да көмектесті.

Бұл 4-ші буындағы жылыжай кешені, Нидерланд елінің заманауи қондырғылары орнатылды. Жылыжайдың өз микроклиматы бар, бүкіл процесс компьютермен басқарылады.

Солтүстік өңір үшін жылыжайдың болуы – қажеттілік. Солтүстікқазақстандықтар жаңа піскен көкөністермен жыл бойына қамтылады, әрі импорттық өнімге қарағанда арзанырақ. Жергілікті қияр супермаркеттерде сатыла бастады.