Бұл Алматы облысында ашылып отырған осындай екінші орталық.

«Енді науқастардың әлеуметтік жағдайына да ерекше назар аударылатын болады. Өйткені, озық практика орталығының жұмысы отбасылық медицинаға негізделген. Орталықта біздің азаматтарға кешенді медициналық, әлеуметтік, психологиялық көмек көрсетіледі», – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев.

Жалпы, жаңа мекемеде 13 жоба іске асырылды. Олардың екеуі медицина қызметкерлерінің қызметіне бағытталған, қалғаны халықпен, пациенттермен жұмыс істеуге негізделген. Оның ішінде «Халық кеңесі» жобасы да бар. Жоба шеңберінде медицина қызметкерлері келіп түскен шағымдар мен ұсыныстар бойынша халықпен кері байланыс орнатпақ.

Қазақстанда озық практика орталығының әдіснамасын енгізген профессор, «Primary Health Care» ҚР Ұлттық  медициналық алғашқы көмек қауымдастығының президенті Төлебай Ракыпбеков Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл жобаны Еуропаның 53 елінде әлемдегі алғашқы демонстрациялық платформа ретінде ұсынғанын атап өтті. Еліміздегі алғашқы осындай орталық Еңбекшіқазақ ауданында ашылды, жақын болашақта мұндай орталық Кеген ауданында да пайда болады.