Оның айтуынша, субсидиялауға, кепілдік беруге және несиелеуге республикалық және жергілікті бюджеттерден 51,1 млрд теңге бөлінген. Бұл 1,7 мың ШОБ жобасын қолдауға мүмкіндік берді.

«Өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында  10,2 млрд теңге инвестиция сомасына ауданы 88 мың шаршы метрге тең 18 шағын өнеркәсіп паркінің құрылысы белсенді жүргізілуде, бұл 2 мың жоғары білікті жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», – деді мегаполис басшысы.

Ол сондай-ақ Алматы экономикасын одан әрі әртараптандыру үшін туризмді дамыту үлкен рөл атқаратынын айтты. 2023 - жылдың 9 айында туристер саны 17,4% - ға өсіп, 1,5 млн адамнан асты. Оның ішінде шетелдік туристер үлесі 1,5 есеге ұлғайды.  Жыл соңына дейін туристердің саны 2 млн адамға дейін артады деп күтілуде.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Алматы агломерациясы шеңберінде туристік әлеуетті іске асыру үшін Түргеннен Қаскелеңге дейінгі тау кластерін дамытудың негізгі тәсілдері айқындалды. Мастер жоспарды келесі аптада таныстырамыз», – деді әкім.

Туристік қызығушылықтың 6 орны мен тарту нүктесін қосу көзделеді. Бұл Қаскелең және Түрген шатқалдары, Үлкен Алматы көлі, Медеу-Шымбұлақ, Талғар-Есік, Ақ бұлақ.