«Бұл, әсіресе, жаңа жылдық мерекелерді өткізу орындарына (мейрамханалар, түнгі клубтар), сондай-ақ адамдар көп жиналатын орындарға (мектептер, балабақшалар, сауда үйлері, ойын-сауық орталықтары) қатысты. Оларды ұйымдастыру және өткізу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аудару қажет. Әсіресе,балалар мемекемелерінде, яғни балабақша немесе мектеп сияқты жаңа жылдық мерекелерді өткізетін жерлерде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қатаң талап етіледі», – деді ведомствоның ресми өкілі. 

Спикер мерекені өткізер алдында үй-жайлардың күйін, олардың өрт қауіпсіздігінің барлық ережесіне сай келетінін міндетті түрде тексеру қажеттілігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол ашық от пен пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға қатаң тыйым салынғанына назар аударды. Осыған қатысты Жанна Дәуренбекова 2009 жылы Пермь қаласындағы «Хромая лошадь» түнгі клубында болған қайғылы оқиға мен Иран елінде тойда өрт салдарынан көп адамның қайтыс болуын мысалға келтірді. 

Мұндай оқиғаларды болдырмау үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері жыл сайын халықпен тиісті іс-шаралар өткізеді. Оның ішінде білім беру ұйымдарында балалармен, жаңа жылдық кештер өткізетін ойын-сауық мекемелерінің иелерімен, пиротехникалық бұйымдарды таратушылармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.