Бұдан бөлек, Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Абай облысында және Каспий теңізінің акваториясында әскерлердің ведомствоаралық және түраралық топтары ҚК Бас штабы әзірлеген бірыңғай жоспар бойынша оқу-жауынгерлік міндеттерді бірлесіп орындады.
Сондай-ақ оқу-жаттығу барысында әскери міндеттілерді құрама сапында жауынгерлік дайындықпен шақыру мәселелері пысықталды, әскерлерді оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау аудандарына стратегиялық қайта топтастыру жүзеге асырылды.
«Оқу-жаттығу нәтижелері бойынша Президент білім алушылардың іс-әрекеттеріне жоғары баға берді, ҚК дамыту, елдің қорғаныс әлеуетін нығайту бойынша бірқатар міндетті белгіледі. Атап айтқанда, ол әскерлерді даярлауға және командирлердің кәсібилігіне жоғары талаптар қойды. Алға қойылған міндеттерді шешуге ақылға қонымды бастамалар көтеріп, шығармашылықпен қараудың маңыздылығын атап өтті», – деді генерал-лейтенант.
Халықаралық әскери ынтымақтастық аясында Қазақстанда Беларусь, Үндістан, Қырғызстан, Пәкістан және Өзбекстанмен бірлесіп 6 халықаралық оқу-жаттығу өткізілді. Шетелде ҚР ҚК әскери қызметшілері 24 халықаралық оқу-жаттығу мен жарысқа қатысты, оның ішінде байқаушылар да болды. Барлық жаттығу кешенді қатерлерді бейтараптандыруды көздейтін бірыңғай стратегиялық жағдайда өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында бітімгершілік қызметінің географиясы кеңейтілді, Қорғаныс министрлігі бітімгершілік контингентінің болу географиясын кеңейтуге бағытталған жұмысты жалғастыруда. 2018 жылға дейін ҚР міндеттемелері БҰҰ миссияларына бақылаушылар мен штаб элементтерінің қатысуымен ғана шектелді. Бүгінгі таңда Үнді бітімгершілік батальоны құрамында қазақстандық бітімгершілік бөлімшені БҰҰ-ның Ливандағы миссиясына орналастыру тәжірибесі бар, байқаушылар мен штаб офицерлерінің бітімгершілік миссияларына қатысуының сандық құрамы кеңейтілді», – деп атап өтті спикер.
Қазақстандық бітімгершілік бөлімшесі құрылғаннан бері мұнда 607 әскери қызметші қызмет атқарды, оның ішінде 7 әйел бар. Қазіргі уақытта еліміздің Қарулы Күштерінен бітімгершілік миссияларға 19 әскери қызметші қатысуда.