Оның айтуынша, бұл ойындар 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында өтеді. Жалпы ойындарға әлемнің 70 елінен 1800 спортшы қатыспақ. Барлығы 81 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Спортшыларымыз барлық іріктеу кезеңдерінен өтіп, Ойындарға 29 жолдама ұтып алды. Тағы бір жолдаманың расталуы күтіліп отыр. Нәтижесінде спортшылар 5 спорт түрінен ел намысын қорғайтын болады.
Айта кетерлігі, отандық спортшылар биыл тағы бірнеше маңызды жарысқа қатысып, бағын сынамақ.
«Сонымен қатар, 2-12 наурыз аралығында Түркияның Эрзурум қаласында XХ қысқы Сурдлимпиада ойындары өтеді. Ойындарға әлемнің 35 елінен 500 жуық спортшының қатысуы жоспарлануда. 7 спорт түрінен 38 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан ұлттық құрама командасы 3 спорт түрінен 30 адам қатысады», – деді спикер.
Ал, 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Францияның Париж қаласында XXXIII жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10500 спортшы 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қазіргі уақытта спорттың 8 түрінен 17 жолдама бар. Маусым айына дейін спортшыларымыз 90-ға жуық лицензиялық және рейтингтік жарыстарға қатысады. Спортшылардың дайындығы белгіленген жоспарларға сәйкес жүріп жатыр.
Айгүл Бектенованың хабарлауынша, 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Францияның Париж қаласында XVII жазғы Паралимпиада ойындары өтеді. Ойындарға әлемнің 184 елінен 4400 спортшының қатысуы жоспарлануда. 22 спорт түрінен 549 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазіргі уақытта 8 жолдама бар.
Сондай-ақ 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Оған 100-ге жуық елден келетін 4 мыңға жуық спортшы қатысады деген жоспар бар. Сайыс қарсаңында арнайы ұйымдастыру комитеті құрылды.
15-30 қазан аралығында Иранның Тегеран қаласында Азия-Тынық мұхиты ойындары өтеді. Жарысқа 23 спорт түрінен 34 мемлекет қатысу жоспарлануда. Қазақстан ұлттық құрама командасы 10 спорт түрінен бағын сынамақ. Сондай-ақ биыл елімізде 6 әлем чемпионаты мен 7 Азия ойындарын өткізу көзделген.