Мемлекет басшысының Парламентке үндеуін Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов оқып берді.
ҚР Қарулы Күштерінің БҰҰ-ның бірнеше миссияларына қатысу үшін жіберілетін әскери персоналы 430 адамнан аспауға тиіс. Олар – «БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау күштері», «БҰҰ-ның бітімгершілік шарттарының орындалуын бақылау органы» (UNTSO, Палестина-Израиль), «БҰҰ-ның Оңтүстік Судан Республикасындағы миссиясы» (UNMISS, Оңтүстік Судан) және «БҰҰ-ның уақытша қауіпсіздік және Абье күштері» (UNISFA, Судан).
БҰҰ шақыруына сәйкес 2024 жылғы наурыздан бастап «БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау жөніндегі күштері» миссиясына өзінің әскери техникасы, қару-жарағы және резерв ротасы ретінде мүлкі бар 139 әскери қызметші санындағы Қазақстанның алғашқы дербес ұлттық бітімгершілік контингентін орналастыру жоспарлануда.
2014 жылдан бастап 67 қазақстандық офицер Батыс Сахара, Кот-д'Ивуар, Мали, Орталық Африка Республикасы және Ливандағы БҰҰ миссияларына қатысты. 2018 жылдан бастап 538 қазақстандық әскери қ"ызметші бітімгершілік бөлімшесінің құрамында «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясына қатысты. Қазіргі уақытта Батыс Сахарада алты қазақстандық офицер, Орталық Африка Республикасында екі офицер, Конго Демократиялық Республикасында 2 офицер, Ливанда 9 әскери қызметші БҰҰ миссияларында қызмет етеді.
Контингенттің БҰҰ бітімгершілік миссияларына бағыты халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып қана қоймай, Қазақстанның жаһандық аренадағы рөлін арттыруға да ықпал етеді.