Президентке 2025 жылдың соңына қарай 5G желісін жедел енгізу жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы да баяндалды.

Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, 7 мыңнан астам базалық станция салу жоспары әзірленген. «Қазақтелеком» – ТМД кеңістігінде 5G технологиясын іске қосқан алғашқы және жалғыз компания.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына қызмет сапасын жақсарту жұмыстары жөнінде мәлімет берілді. Биыл компанияның 63 мың абонентінің ескірген мыс желісін заманауи оптикалық желіге ауыстыру жоспарланған. Сондай-ақ 50 мың тұтынушы модемінің технологиялық жабдықтары жаңартылады.

Сонымен қатар Президентке Қазақстан мен Әзербайжан арасында Каспий теңізінің табаны арқылы Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жобасының іске асырылу барысы таныстырылды. Бұл жоба Қазақстанның аса маңызды өңірлік телекоммуникациялық хабқа айналуына, ел аумағынан өтетін халықаралық трафик транзитін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық және әлеуметтік салаларды цифрландыру өте маңызды екенін атап өтті. Себебі қазір жаңа телекоммуникациялық технологиялардың мүмкіндіктері елдің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілік деңгейін айқындайды.

Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтарын заманауи телекоммуникация қызметтерімен қамтамасыз ету қажеттігіне де назар аударып, компанияның барлық инвестициялық жобасын уақытылы іске асыруды тапсырды.