Жұмыс тобының мүшелері UTC +5 бірыңғай уақыт белдеуі Қазақстанның көптеген өңірінің барынша табиғи уақытқа жақын уақытты пайдаланатын ең дұрыс және оңтайлы нұсқа деген келісімге келді.
Десе де еліміздің жекелеген өңірлерінде, атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары арасында бұл шешім көптеген сұрақ пен түсінбеушілік тудырды. 23-24 қаңтарда жұмыс тобының мүшелері кезекті рет ШҚО-ға барып, Меновное ауылының, сондай-ақ Алтай, Глубокое және Шемонаиха аудандарының тұрғындарымен кездесті. Үкіметте өткен кеңесте Серік Жұманғаринге ШҚО-дағы сапар қорытындысы және алдағы уақытта жаңа уақыт белдеуіне көшетін басқа өңірлердегі ахуал жөнінде баяндалды.
ШҚО әкімі аппаратының басшысы Ербол Нұрғалиев өңір тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелер жөнінде баяндады. Жаңа уақытқа көшкенде аймақта таңның ерте атуы сағат 03.15-те, ал ерте батуы – сағат 15.20-да болмақ. Бұл мәселе бойынша Ф.Г.Фесенков атындағы «Астрофизикалық институты» ЖШС жұлдыздар мен тұмандықтар физикасы зертханасының меңгерушісі Любовь Шестакова түсініктеме жасады.
«Елді мекендердегі жергілікті уақыт сол аймақтағы күннің максималды биіктігімен, яғни түс мезгіліндегі сағат 12.00-ге сәйкестігімен анықталады. UTC+5 орталық меридиан – осы меридиандағы UTC+5 түскі уақыт (шығыс бойлық 75°) сағат 12.00-ге сәйкес келуі керек дегенді білдіреді. Уақыт белдеуінің ені осы уақытқа +/- жарты сағат болуы мүмкін. ШҚО екі сағаттық белдеу шекарасында орналасқан. Өскеменде UTC +5 бойынша түс мезгілі сағат 11.30-да болады, сондықтан қала осы уақыт белдеуіне сәйкес келеді. Ал күннің ерте батуы мен таңның атуына қатысты мәселе – бұл енді географиялық ендікке байланысты. Күннің ұзақтығы оңтүстікте я болмаса солтүстікте тұрғанымызға байланысты. Оңтүстікте жаздағы және қыстағы күн ұзақтығының айырмашылығы шамалы. Ал солтүстікте едәуір көп. Тіпті ақ түндер болады. Мысалы, мұндай кездерді ШҚО-да 22 маусымда байқауға болады», — деді сарапшы.
Бірақ бұл жағдайлар уақыт белдеуіне байланысты емес.
Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер Денсаулық сақтау министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, қысқа мерзімде ШҚО және басқа өңірлер үшін Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуін енгізудің барлық нюансы туралы ақпарат қамтылған әдістемелік құрал әзірлеуді, сондай-ақ қажет болған жағдайда, ең өзекті мәселелерді түсіндіру үшін өңірге мамандар мен мемлекеттік органдар басшыларының тобын жіберуді тапсырды.