Қалдықтарды өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасын жетілдіруге қомақты қаржы бөлінеді. «EcoQolday» автоматтандырылған жүйесі өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелеріне жататын қалдықты жинау, тасымалдау және қайта өңдейтін кәсіпорындарды қолдау мақсатында жұмыс істейді. Ол қалдықтарды басқару саласындағы бизнес-процестерді жеңілдетіп, елдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына ықпал етеді.

Жүйеге сәйкес атқарылатын міндеттер қалыптастырушы, жинаушы, тасымалдаушы және қайта өңдеуші сынды бірнеше салаға бөлінеді.

«Қалдық жиналған кезде жеке немесе заңды тұлға мобильді қосымша арқылы жүйеге тіркеліп, жиналған қалдықты сататыны туралы өтініш қалдырады. Одан әрі, коллекторлар өз бағаларын ұсынады және қалдық қалыптастырушыдан сатып алады. Коллектор ай бойы жинаған қалдық туралы деректі  «EcoQolday» жүйесіне енгізеді және отандық қайта өңдеушілерге оны сататыны туралы хабарландыру жариялайды. Қайта өңдеушілер осы жиналған қалдықты сатып алу үшін бағасын ұсынады. Коллектор көңілінен шыққан сатып алушымен келісім шарт жасайды. Одан кейін жинаушы қалдықтарды тасымалдау жөнінде хабарландыру шығарады. Қалыптастырушы, яғни қалдық шығарушы тасымалдаушыны дербес таңдайды. Сонымен қатар қайта өңдеушіге дейін қалдықты жеткізу туралы шарт жасасады», – деді спикер. 

Қайта өңдеуші сенімді салмақ өлшейтін құрал арқылы тасымалдаушыдан қалдықты қабылдап, қалдықты қабылдағаны жөнінде актіге қол қояды. Осы процесті аяқтағаннан кейін қалыптастырушылар мен қайта өңдеушілер белгіленген мерзімде операторға есеп жіберуге құқылы. Соның негізінде төлем жасалады. Жинаушылар аяқталған айдың есебін келесі айдың 15-не дейін, ал, қайта өңдеушілер толған тоқсанның есебін келесі айдың 25-не дейін беруі керек.

Бұл процесс ақпараттық жүйеге тіркелген барлық пайдаланушы үшін қол жетімді.