Оның айтуынша, биылғы оқу жылында елімізде тұңғыш рет Ауыл мектептері оқушылары үшін республикалық олимпиада өткізілді. Бұрын дәстүрлі өтетін республикалық олимпиадаға қатысып келген ауыл мектептері оқушыларының үлесі 15%-дан аспайтын. Мысалы, өткен 2022-2023 оқу жылында  республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне барлық өңірлерден қатысқан 1631 оқушының тек 158-і ғана ауыл мектептерінің оқушылары болды және оның ішінен 42 қатысушы ғана жүлделі орынға ие болған еді. 

«Осы оқу жылында ауыл мектептерінен 9-11 сыныптарда оқитын 80 мыңға жуық  оқушы олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алды. Аудандық, облыстық кезеңдерден сәтті өткен 740 оқушы республикалық кезеңге жолдама алды, оның ішінде 334 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Олар «Дарын» орталығының онлайн мектебіне қабылданды. Ауыл олимпиадасы жүлдегерлері арасынан 69 оқушыға еліміздегі беделді университеттердің ректорлық білім гранттары табыс етілді», – деді спикер.