Оқу-жаттығуға 15 республикалық азаматтық қорғау қызметі, жергілікті атқарушы органдар, облыстық, қалалық және аудандық азаматтық қорғау қызметтері, Төтенше жағдайлар, Қорғаныс министрліктерінің бөлімшелері және Ұлттық ұланның әскери бөлімдері, сондай-ақ еріктілер мен қоғамдық ұйымдар қатысты.
Оқу-жаттығу азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін функционалдық міндеттерді орындауға және төтенше жағдайларды жою кезіндегі құралдар мен күштерді басқаруға даярлау бойынша 2 кезеңде өткізілді.
«Азаматтық қорғау күштері мен құралдарын әзірлікке келтіру бойынша іс-шаралар барлық жерде пысықталды. Межелі пункттерге бару маршруттары жаңартылып, уақытша орналастыру пункттері дайындалды. Сондай-ақ авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін бірінші кезектегі міндеттер айқындалды. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі түрлі деңгейдегі комиссия отырыстары өткізілді. Онда тіршілікті қамтамасыз ету, әлеуметтік-мәдени және әкімшілік-шаруашылық мақсаттағы объектілерді көктем кезеңі жағдайындағы жұмысқа дайындау жөніндегі іс-шаралар анықталды», – деді министр.
Практикалық іс-қимылдарды пысықтау үшін ағымдағы көктемгі кезеңде су басу қаупіне өте бейім елдімекендер айқындалды. Биылғы оқу-жаттығулар шартты көрсетілімдерсіз жаппай су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу бойынша бірыңғай кешенді міндет форматында ұйымдастырылды.