Оның айтуынша, «Lotomatic» лотоклубтары мен терминалдарының санын кезең-кезеңімен нөлге дейін азайту; жаңа лотоклубтар ашуға және жаңа терминалдар орнатуға мораторий енгізу; лотоклубтарды бір ғимаратта немесе банк бөлімшелерінен, микрокредиттік ұйымдардан, ломбардтардан 100 метрден аз қашықтықта орналастыруға тыйым салу; ломбардтарда алкоголь мен темекі өнімдерін сатуға тыйым салу, лотоклуб терезелеріне жабық перде ілуге және ойын мекемелерінің басқа да белгілерін көрсетуге тыйым салу; «Lotomatic» терминалдарын лото-дүкендерге қайта форматтау мәселелері қозғалды. 

«Лотоклубтарға қатысты қалыптасқан жағдай мен әлеуметтік желілердегі реттеуші мен операторға жолданған жағымсыз пікірлерді назарға ала отырып, сондай-ақ нарықты заңсыз ойын автоматтарынан тазарту қажет екенін ескере отырып, Министрлік осы жылдың 20 қаңтарында лотерея операторының атына өткен жылғы ұсынымдарды мерзімінен бұрын орындау және ел бойынша «Lotomatic» барлық терминалдарының жұмысын тоқтатудың орындылығы туралы қосымша ұсыныс жіберді», – деді спикер.

Вице-министр бұл ұсыныс негізінен зейнеткерлер мен мүгедектер әуес классикалық тираждық және қағаз күйіндегі сол мезетте ойнатылатын лотереяларды сату нүктелерінің қызметіне әсер етпейтінін түсіндірді. Қазақстан бойынша лотерея операторы және оның агенттері 8 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.

Ұсынымдарға сәйкес, 30 қаңтардан бастап лотерея операторы 5 мыңға жуық лотоматиктің жұмысын тоқтатты, оның 750-і 82 жеке тұрған лотерея дүкендерінде орналастырылды. Бұл туралы ақпарат ресми ресурстарда, бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жарияланды.

«Қазіргі уақытта Министрлік қызметкерлерінің арасынан елордада және өңірлерде лотерея терминалдарына визуалды іріктеп бақылау жүргізетін мобильді мониторингтік топ құрылды. Осы үзілісті пайдалана отырып, біз лотерея операторымен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп нарықты заңсыз аппараттардан тазартуды, сондай-ақ әкімдіктер мен полиция қызметкерлеріне лотоматиктердің заңсыз аппараттардан айырмашылығы туралы семинарлар өткізуді жоспарлап отырмыз. Лотереялық ақпаратты өңдеу орталығына қосылмаған заңсыз «сары-жасыл» құрылғылар жұмысын жалғастырып жатқанын жоққа шығармаймыз. Сондықтан азаматтардан осындай деректер анықтаған кезде оны камераға түсіріп, Telegram және WhatsApp  чат-бот арқылы министрлікке жіберуді сұраймыз», – деді спикер.