Оның айтуынша, жобаның құқықтық негізі 2023 жылғы 16 қарашада қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңында көрініс тапты.
«2024 жылғы 18 қаңтарда қабылданған «Нысаналы талаптарды, нысаналы жинақтарды және нысаналы жинақ төлемдерін қалыптастыру мен есепке алу, сондай-ақ нысаналы талаптарды есепке жазу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулысы жобаны іске асыру тетіктерін айқындап берді. Сонымен, Ұлттық қордың соңғы 18 жылдағы қалыптасқан орташа инвестициялық кірісінің мәні 695 519 269 АҚШ доллары сомасындағы қаражат 6 919 131 балаға теңдей бөлініп, әрбір баланың есепшотына 100,52 АҚШ доллары мөлшеріндегі нысаналы салым түсті. 304 815 бала осы қаражатты 2024 жылы пайдалана алады», – деді спикер.
Қазіргі таңда салалық министрліктердің бұйрықтарымен қаражатты білім алу мен тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалану тәртібі айқындалған.