Мемлекет басшысына өткен жылы ауыл шаруашылығын қоспағанда, барлық базалық макрокөрсеткіш бойынша оң динамикаға қол жеткізілгені жөнінде баяндалды. Облыс экономикасына 965 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 26 пайызға көп.
Жолаушылар тасымалы секторында 31 пайыз, машина жасау ісінде 13 пайыз, құрылыс саласында 8 пайыз өсім байқалады.
Президентке 73 шақырымнан астам жылумен қамту желісіне реконструкциялау жұмыстары жүргізілгені жөнінде мәлімет берілді. Екібастұз жылу электр орталығындағы барлық 10 қазандық агрегат жөнделді. Техникалық суға арналған 11 шақырым жаңа құбыр тартылып, 5,4 шақырым магистральды жылумен қамту желісіне реконструкция жасалды.
Асайын Байхановтың айтуынша, облыстағы ауылдарда үш заманауи мектептің салынуы апатты жағдайдағы мектептерге қатысты мәселені шешуге мүмкіндік берді. Өңірде 54 білім беру ұйымы толықтай жаңғыртылған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына екі жыл ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 30 жаңа медициналық нысан салынатыны туралы баяндалды.
Облыста қоғамдық көлік жүйесін кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары басталған. Былтыр қалалық автобус паркі 130 жаңа автобуспен толықтырылды. Сондай-ақ 722 шақырым автожол жөнделген.
Президенттің тапсырмасын орындау үшін ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр. Өткен жылы 37 мыңнан астам халқы бар 44 ауылға жаңа су құбыры тартылды. Осылайша, облыстағы ауыл тұрғындарының 98 пайызына таза ауызсу жеткізілді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне Ертіс өңірін әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.