Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық көрсеткені үшін Қатар Мемлекетінің Премьер-министріне алғыс айтты. Сонымен бірге Қазақстан мен Қатар арасындағы қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын атап өтіп, бүгін қол жеткізген келісімдер серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге тың серпін беретініне сенім білдірді.
– Осы сапарды дайындауға атсалысқаныңыз үшін Сізге шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Сапар шынымен сәтті болды. Біздің қарым-қатынасымызға тың серпін беретін құжаттар топтамасына қол қойылды. Жоғары Мәртебелі Қатар Әміріне айтқанымдай, біз өзара байланыстарды екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Бұл өте үлкен жетістік деп санаймын. Мен осындай нәтижеге қол жеткізгенімізге қуаныштымын. Бірақ біз мұнымен шектеліп қалмай, алға қадам басып, өзара ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруымыз керек, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, экономикалық байланыстар бірлескен күш-жігердің негізгі тірегіне айналуға тиіс.
Өз кезегінде Қатар Премьер-министрі сапармен келгені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, соңғы жылдары мемлекеттер арасындағы екіжақты қатынастардың айтарлықтай жанданғанын атап өтті
– Біз соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған және айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Өзіңіз айтқандай, бұл өз-өзінен бола салған дүние емес. Одан да үлкен жетістіктерге жету үшін жұмысты жалғастыру қажет. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне өте қуаныштымын. Екі елдің мол әлеуеті бар деп санаймыз, – деді шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәни.
Қазақстан Президенті екі ел үкіметтерін сауда-саттық қарқынын арттыру үшін нақты экономикалық мәселелерге назар аударуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Орта дәліз» ретінде танымал Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға зор үміт артып отырғанына тоқталды. Сондай-ақ Шығанақ аймағының үлкен нарығына кең жол ашуға және жаңа транзиттік бағыттарды қарастыруға баса мән беретінін жеткізді. Мемлекет басшысы Қатар компанияларын Қазақстандағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды.
Сонымен қатар келіссөз барысында ауыл шаруашылығы, цифрландыру, энергетика салаларына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.