Бүгінгі таңда министрлік су саласы мамандарының біліктілігін арттыру қағидаларын әзірлеп жатыр.
Сонымен қатар, ведомство жанынан су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру және ирригация саласындағы кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңес құрылды.
Кеңестің ережелері және кәсіптік стандарттарды өзектендіру жөніндегі жұмыс жоспары бекітілді, оның негізінде су саласының мамандарын даярлау жөніндегі білім беру бағдарламалары жаңартылатын болады.
«Өңірлердегі студенттер су шаруашылығы ұйымдарында өндірістік практикадан өтіп, одан әрі жұмысқа орналасуы үшін ЖОО-лармен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, осы жылдан бастап кейбір су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы 25%-ға өсті. Мұндай іс-шаралар су саласындағы мамандықтардың беделін арттырып, студенттерді магистратура мен докторантурада оқуын жалғастыруға, ал саладағы мамандарды біліктілігін арттыруға, оның ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша да білімін шыңдауға ынталандыруға тиіс», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.