Қазіргі уақытта әскери кадрларды даярлау білім берудің келесі деңгейлері бойынша жүзеге асырылады:

- орта (3 Республикалық "Жас ұлан"мектебі);

- техникалық және кәсіптік (2 әскери колледж);

- жоғары (бакалавриат) (3 Әскери институт);

– жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру (магистратура және докторантура) - Ұлттық қорғаныс университеті.

Әскери кадрлар шет мемлекеттердің жоғары оқу орындарында да жоғары білім және жоғары оқу орнынан кейінгі білім ала алады. Қазақстанның азаматтық жоғары білім беру орындары жанындағы әскери кафедраларда әскери-оқытылған резервті (запастағы сержанттар мен офицерлер) даярлау жүзеге асырылады.

«Орта білім беру «Жас ұлан» үш республикалық мектебінде негізгі орта білім беру базасында (10-11 сыныптар) жүзеге асырылады, ол белгіленген нормаларға сәйкес, бюджет қаражаты есебінен толық қамтамасыз етіледі. Республикалық мектептердің қабырғасынан еліміздің 14 мыңнан астам патриоты шығарылды. Жыл сайын оқу ордаларын 300-ден астам адам бітіреді. Олардың көбі ҚР ҚМ, ҚР ҰҚК ШҚ, ҚР ТЖМ және ҚР ҰҚ оқу орындарына түседі. «Жас ұлан» мектептері шет тілдерін, әскери пәндерді тереңдетіп оқытатын және дене шынықтыруды күшейтетін жалпы орта білім беру бағдарламасын іске асыратын оқу орындары болып табылады. Мектептердің тыныс – тіршілігі интернаттық жүйе бойынша ұйымдастырылған. Тәрбиеленушілердің осында тұруы белгіленген нормаларға сәйкес, бюджет қаражаты есебінен толық қамтамасыз етіледі», - деп атап өтті спикер.

ҚР ҚК Әскери білім мен ғылымды дамытудың 2030 - жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес үш «Жас ұлан» мектебін әскери колледждерге айналдыру көзделген. Техникалық және кәсіптік білім беру 9 және 11-сыныптардан кейін Астана және Щучинск қалаларының әскери колледждерінде негізгі және орта білім беру базасында жүзеге асырылады.