Елшімен бірге кездесуге пайдалы қазбалар мен басқа да ресурстардың, соның ішінде судың егжей-тегжейлі картасын жасаумен айналысатын испандық Xcalibur Smart Mapping компаниясының өкілдері де қатысты. Бұл мәліметтер жерасты суларының орындарын барлау үшін пайдаланылуы мүмкін, сонымен қатар оларды іздеу шығындарын азайтады.

Испандық кәсіпкерлердің айтуынша, олардың технологиялары Австралияда, Канадада, АҚШ-та және Еуропада кеңінен қолданылады. Сондай-ақ, шетелдік қонақтар бірлескен жобаларға гранттар мен қаржыландыруды тартуға көмектесуге дайын екендіктерін білдірді.

«Біз экономикада және ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында қайта қалпына келетін жерасты суларын пайдалану үлесін жоспарлы түрде ұлғайтуды мақсат етіп отырмыз. Сондықтан Испанияның су ресурстарын барлау тәжірибесі өте пайдалы болуы мүмкін. Биыл біздің мемлекеттеріміздің стратегиялық әріптестігіне 15 жыл толады. Су –стратегиялық ресурс, сондықтан біз екіжақты ынтымақтастықтың барлық мүмкін бағыттарын міндетті түрде қарастырамыз», – деді ҚР су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.