Қайтарылған жерлерді қайта бөлу және топырақтың деградациясына қарсы күресті күшейту арқылы өңір тұрғындарының жайылым орындары қажеттіліктерін қамтамасыз ету – жақында Жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша қабылданған заң осындай мүмкіндіктер беріп отыр. Жинақталған мәселелерді шешу және жер саласындағы жағдайды жақсарту үшін Үкіметте бірқатар кешенді тәсіл мен жүйелі шара әзірленіп жатыр. Олардың ішінде қызмет көрсетудің қағазсыз форматына көшу және жер учаскелерін беру рәсімін автоматтандыру бар. Бұл ретте жер мәселелеріне байланысты барлық рәсімді цифрландыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға және жергілікті жерлерде жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Қазақстанда 2023 жылы «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпарат жүйесі іске қосылды. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда жер учаскелерін берудің электрондық тәртібі заңнамалық түрде енгізілді. Цифрлық ауыл шаруашылығы карталары жасалуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша барлығы 145 млн га ауыл шаруашылығы жерлері цифрландырылды, бұл еліміздің ауыл шаруашылығы алқаптары аумағының 77%-ын құрайды. Ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыруды 2025 жылы толық аяқтау жоспарланып отыр.
Бұдан басқа мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпарат жүйесі базасында қағаз бетінде жүзеге асырылатын жер қатынастары саласындағы функцияларды жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Комиссия отырысында ақпарат жүйелерін интеграциялау процесінде туындайтын негізгі қиындықтар қаралды.
«Қайтарылған жерлер бірінші кезекте ауылдар мен аудандардың тұрғындары үшін жайылым тапшылығын төмендетуге тиіс. Шалғайдағы жайылымдарды пайдалану қажет. Мұны қалай жасау керектігін келесі отырысқа дайындауды тапсырамын. Сондай-ақ жайылымдарды жоспарлы басқаруды қамтамасыз ету, олардың деграациясын болдырмауға назар аудару және ауылдық жерлерде цифрландыру мәселесін шешу қарқынын жеделдету қажет. ЦДИАӨМ ӨҚМ және әкімдіктермен бірлесіп, оның техникалық дайындығын қамтамасыз ете отырып, Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпарат жүйесінің бар кемшіліктерін пысықтауы қажет», — деді отырыс қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин.