Француз альянстары, франкофондық қауымдастықтар мен қазақстандық мәдени мекемелер бірлесіп дайындаған фестиваль бағдарламасы түрлі іс-шараларды ұсынады: кино; заманауи, дәстүрлі және классикалық музыка; конференциялар; фотокөрме; виртуалды шындық; француз тілінің байқаулары.
Қазақстанда франкофон көктемінің 14-маусым Алматы, Астана, Атырау, Қарағанды, Павлодар, Өскемен және Шымкент қалаларында өтеді.
ОКҚ алаңында Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дидье Канесс айтып өткендей, фестиваль Қазақстанның 4 Француз альянсының көмегімен ұйымдастырылды.
«Әдеттегідей, біз шара бағдарламасын қызықты етіп ұйымдастыруға тырыстық. Фильмдер көрсетіледі, музыка тыңдауға болады, конференциялар мен көрмелер өтеді. Бірнеше конкурс болады. Мысалы, француз ән байқауы, франкофон киносының дәстүрлі апталығы ұйымдастырылады», – деді спикер.
Ол Франция елшілігінің бағдарламасындағы 2 негізгі іс-шараны атап өтті: джаз әншісі Габи Артманның концерті, сондай-ақ жеңімпазын әйгілі Джо Дассеннің ұлы анықтайтын француз ән фестивалі. Бас жүлде ретінде Парижге екі ұшақ билеті табысталады.
Франкофония көктемінің жаңа маусымы аясындағы іс-шаралар туралы Бельгия, Румыния, Марокко Корольдігі, Швейцарияның Төтенше және Өкілетті елшілері, Канада елшісінің орынбасары да баяндады.
Фестивальдің толық бағдарламасы елшіліктердің сайттарында және Франкофония көктемінің ресми парақшаларында жарияланған.