Қазіргі уақытта елімізде 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдардағы Жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.
Жобада қолжетімділіктің интерактивті картасы сайтына енгізілген ел бойынша бейімделуге тиіс 35 мыңнан астам басым объектілер айқындалды. 2021 – 2022 жылдары 8 мыңнан астам нысан бейімделді. 2023 – 2027 жылдар кезеңінде жыл сайын кемінде 5 мың объект (5 жылда 27 мың) бейімделуі тиіс. 2021 – 2022 жылдарды қоса алғанда, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 13 857 объект осы талапқа сәйкестендірілді.
Алматы қаласында 2023 жылы бейімделуге жоспарланған 721 объектінің ішінен жергілікті атқарушы органдар 684 нысанды мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қол жетімді ету жұмыстарын жүргізді.
Бұдан басқа 2023 жылы мемлекеттік бақылау шеңберінде ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Алматы қаласы бойынша аумақтық департаменті мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және т. б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 112 тексеру жүргізді, оның ішінде: 43 – жоспардан тыс, 58 – профилактикалық бақылау шеңберінде және прокуратураның талабы бойынша 11 тексеру болды. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 97 ұйғарым берілді, 10 млн теңгеден астам сомаға 17 әкімшілік айыппұл салынды.
Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда ғана айыппұл салынады.