Робототехникадан Әлем чемпионаты Кипр Республикасының Никосия қаласында өтті. Ел намысын Sana Team командасының құрамында Әділ Тұрсынғали, Арнар Дәулетқұл, Осман Ақыпбек, Алдияр Дәулетұлы, Дарын Смайл, Аббас Пахридин, Асылхан Ыбырай, Ілияс Аширалин және Шолпан Аманкелді қорғады.
Үш күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылар I орынға ие болып, «Winning Alliance» басты ойын жүлдесін, сондай-ақ шығармашылық ойлау арқылы инженерлік кедергілерді жою бойынша Think Award жоғары төрешілік марапатын иеленді.
«Біздің робот турнирде рекорд орнатты. Осы үш күнде біз әртүрлі елдердің қатысушыларымен өте құнды мәдени және кәсіби тәжірибе алмастық. Осындай мүмкіндіктер үшін бірінші кезекте еліміздің Президентіне, сондай-ақ Алматы қаласының білім басқармасы мен «Алматы Дарыны» орталығына алғыс айтқымыз келеді», – деді оқушылар.
Sana Team командасы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен Ustem Foundation Қоғамдық қоры ұйымдастырған Daryn first Championship өңірлік чемпионаты барысында Кипрге жолдама алды.