Биыл Павлодар өңірінің әкімшілігі Наурыз меркесін атап өту барысында ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттауға басымдық бермек. Мәселен, аймақта «Ұлы даланың Ұлы есімдері» ғылыми-практикалық конференция, «Ұршық fest» фестивалі, «Алтын шаңырақ» мерекелік іс-шарасы, «Тақиялы қыз – трендте» атты тақия тігу бойынша байқау, «Киелі кимешек» көрмесі сынды үлкен мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Бұл жайлы Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан ОКҚ алаңында хабарлады.

«Биылғы жылы Наурыздың ерекшелігі – біз салт-дәстүрге кеңінен және ауқымды түрде тоқтағанды жөн көріп отырмыз. Наурыздың 14-23 аралығында әрбір елді мекенде қазақтың бір салт-дәстүрін жаңартып, оны барынша оқушылардан бастап үлкен азаматтар, зейнеткерлерге дейін түсіндіру жұмыстарын жүргізілеміз. Онкүндік аясында 100-ге жуық салт-дәстүрді қайта жаңғыртып, өзіміздің әлеуметтік желілерде жариялаймыз деген ойымыз бар. Жалпы бұндай бастаманы ақпан айының ортасынан әлеуметтік желіде бастап кеткен болатынбыз және 1 наурыздан бастап жылдағыдай «Үздік киім – ұлттық киім» акциясымен әрбір елді мекендегі, мекемедегі азаматтар ұлттық киімді дәріптеуді жалғастыруда», – деді спикер. 

Сондай-ақ өңір бойынша 250-ге жуық киіз үй тігіледі. 21 наурыз күні мереке елді мекендерде, ал 22-сі күні аудан және қала орталығында атап өтіледі.