1934 жылы салынған Кентау ЖЭО – қала тұрғындарын орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін стратегиялық нысан. Мұндағы жабдықтың тозу деңгейі 87%-ды құрайды. Аталған нысанда соңғы рет күрделі жөндеу 10 жылдан астам уақыт бұрын жүргізілген.
Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Кентау тұрғындарын және әлеуметтік нысандарды сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында «Кентау қ. ЖЭО «№7,8,9,10,11,12 қазандықтарын күрделі жөндеу» жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Бұған дейін демеушілер есебінен ұзындығы 4,7 шақырымды құрайтын жылу магистралі, төрт қазандық жөнделді. Биылғы сәуір айында қалған екі қазандықты жөндеу жұмыстары басталады, аяқталу мерзімі – 2025 жылдың соңы.
«ЖЭО-дағы электр энергиясының генерациясы орталықтың өз қажеттіліктерін өтеуге де жетпейді, ал тариф күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты Энергетика, Қаржы министрліктеріне жылумен қамту қызметтерін сапалы ұсыну және алдағы жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету мақсатында жөндеу жұмыстарын қаржыландыру нұсқаларын қарастыруды тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Премьер-Министр Кентау трансформатор зауытының өндірістік цехында болды. Бұл – 700-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған Кентау қаласындағы негізгі ірі әрі қала құраушы кәсіпорын. Зауытта жалпы мақсаттағы және электрлендірілген теміржол көлігі үшін күштік трансформаторлар, сондай-ақ трансформаторлық қосалқы стансалар шығарылады. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 20 мың өнім бірлігін құрайды, бұл ретте өнімнің 30%-ы экспортқа шығарылады.
Кәсіпорында Олжас Бектенов шығарылатын өнімдердің техникалық сипаттамалары мен конструкциясын жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен, зауыттың өндірістік қуатын кеңейту шараларымен танысты. Нәтижесінде, Үкімет басшысы отандық электр жабдықтарын өндіруші үшін қосымша өндірістік жүктеменің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар кәсіпорын өндірісті кеңейту және ұлғайту, технологиялық операцияларды жаңғырту және цифрландыру бойынша қарсы міндеттемелерді қабылдауы тиіс.
Мұнда Үкімет басшысына өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвестициялық жобаларды іске асыру барысы туралы баяндалды. Қазіргі таңда 2024-2027 жылдарға арналған инвестициялық жобалар пулы әзірленді. Жалпы құны 2,2 трлн теңгені құрайтын 145 жобаны іске асыру 17,7 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның ішінде биыл 116,8 млрд теңгеге 44 жоба іске асырылатын болады. Атап айтқанда, күкірт қышқылын өндіру, жүгеріні терең өңдеу зауыттарын салу жобалары, мақта-тоқыма кластерін құру жоспарлары таныстырылды. Сонымен қатар өңірде сыйымдылығы 4 мың тонналық заманауи көкөніс қоймасының құрылысы басталды.
Премьер-Министр инвесторларды белсенді тарту үшін қолайлы бизнес-климат қалыптастыру бойынша әкімдікке барлық қажетті шараларды қабылдау, оның ішінде шағын өнеркәсіптік парктер мен арнайы индустриялық аймақтардың аумағын кеңейту міндетін қойды.