Қасым-Жомарт Тоқаевқа құқықтық көмек көрсету және шетелде жасырынған қылмыскерлерді іздестіру жөніндегі халықаралық ынтымақтастықтың нәтижелері баяндалды. Бірқатар резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша күдіктілер ұсталып, сот төрелігін жүзеге асыру үшін Қазақстанға қайтарылды.

Мемлекет басшысына активтерді қайтару мәселесі бойынша Еуропа Кеңесі, Интерпол, ЭЫДҰ және ЕҚЫҰ сияқты беделді халықаралық ұйымдармен өзара түсіністікке қол жеткізілгені жайында мәлімет берілді.

Берік Асыловтың айтуынша, ел экономикасына 2,7 триллион теңге салған 220 инвесторға құқықтық көмек көрсетілген. Аталған жұмыстың нәтижесінде инвесторлардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімі арта түсті. Кездесу барысында тікелей инвестиция тарту бойынша өңірлерде атқарылып жатқан істердің нақты мән-жайы қарастырылды.

Сонымен қатар Президентке еліміздегі криминогендік ахуал және қылмыстық-құқық саласындағы азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар туралы баяндалды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде заңдылықты одан әрі нығайту және азаматтарды, соның ішінде кәсіпкерлерді қылмыстық элементтерден қорғау шараларын қабылдауды тапсырды.

Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларға қатысты уәкілетті органдардың шешімдері бойынша «прокурорлық сүзгіні» тиімді пайдалану маңызды екенін айтты. Осы орайда Президент аталған органдардың тартылатын инвестиция туралы деректерінің дұрыстығына бақылауды және жауапкершілікті күшейту қажеттігіне назар аударды.

Сондай-ақ шетелге заңсыз шығарылған активтерді іздеуге және қайтаруға бағытталған заманауи технологияларды кеңінен қолдану керек екенін атап өтті.