Голан биіктеріндегі миссия – қазақстандықтар үшін тарихи оқиға. 20 жылға жуық уақыт бойы БҰҰ жанында бітімгершілік қызмет атқарып келген қазақстандықтар енді өз бетінше орналасу мандатын алып, миссияны жүзеге асырады.

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов атап өткендей, бұл еліміз бен әлемдік қоғамдастық алдындағы үлкен жауапкершілік.

«Бұл біз үшін үлкен мәртебе, өйткені қысқа мерзім ішінде әскери-саяси жағдайдағы ерекше тапсырмаларды орындауға дайын, барлық халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкес келетін бітімгерлік контингентті дайындап, жарақтай алдық. БҰҰ мен халықаралық қоғамдастықтың мемлекетіміздің ең жауапты міндеттерді орындау қабілетін мойындауының көрсеткіші», – деді Руслан Жақсылықов.

Қазақстандық бітімгерлер Сирия мен Израиль шекарасында қызмет атқаратын болады. Лагерь Халас елді мекенінің жанында орналасқан. Контингенттің қарамағында техника, оның ішінде, ауыр жүк көліктері және «Арлан» БДМ бар.