Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева еліміздегі сақтандыру секторын дамыту нәтижелерімен бөлісті. 

Оның айтуынша, қазір сақтандыру саласы тұрақты, төлем қабілеттілігінің деңгейі жоғары. Сектор қарқынды дамып келеді. 2024 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша нарықта 25 сақтандыру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 16 жалпы сақтандыру компаниясы және 9 өмірді сақтандыру компаниясы бар. Сақтандыру ұйымдарының активтері тұрақты өсіп келе жатыр. 2023 жылдың басынан бері олар 20%-ға ұлғайды және бүгінгі күні ЖІӨ-нің 2,2%-ын құрайды.

«2024 жылдың 1 наурызында активтердің сомасы 2 трлн теңгені құрады. Сақтандыру ұйымдарының міндеттемелеріне келетін болсақ, олар 2024 жылдың 1 наурызында 1,6 трлн теңгеге тең болды, 2023 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 23,6%-ға артты. Сақтандыру сыйақылары да 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,5%-ға өсті. Сақтандыру төлемдерінің жалпы көлемінің ұлғаюы бізді ерекше қуантып отыр. 2024 жылы ол 42,9 млрд теңгені құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 34,6%-ға көп», – деді спикер.

Сақтандыру төлемдерінің өсуі «өмірді сақтандыру» және «қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру» санаттарында байқалады.