Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр. Биылдан бастап сақтандырудың барлық міндетті түрі бойынша онлайн реттеуді енгізу бойынша елеулі жұмыс жүргізілді. ОКҚ алаңында ҚР ҚНРДА төрағасының орынбасары Мария Хаджиева атап өткендей, тұтынушы сақтандырушының кеңсесіне бармай-ақ, сайт арқылы сақтандыру төлемдерін алуға өтініш пен барлық қажетті құжатты жібере алады. Ең көп қолданылатын міндетті автосақтандыруға қатысты еуропалық хаттама енгізілді. Яғни жол-көлік апаттары кезінде төлемді жеңілдетілген тәртіппен алуға болады.

«Мобильді қосымша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры негізінде жасалды. Ол «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді және жол-көлік оқиғасы қатысушыларына сәйкестендіру кезеңінен өтуге, декларацияны толтыруға, қажетті цифрлық құжаттарды жүктеуге, оқиға орнынан фотосуреттер түсіруге және оқиға орнында материалдық залалды өтеуге өтініш жіберуге мүмкіндік береді», – деп, ведомство өкілі алгоритмді түсіндірді. 

4 сақтандыру ұйымының өз қосымшалары мен еуропалық хаттамалары әзірленді. Оң динамика байқалады. 2024 жылдың бірінші тоқсанында 1341 сақтандыру жағдайы еуропалық хаттама шеңберінде ресімделді, 1023 жағдай бойынша төлемдер жіберілді. Сақтандыру төлемдерінің жалпы сомасы 195,3 млн теңгені құрады. Қаржыны төлеу мерзімінің айтарлықтай төмендеуі байқалады. Бұрын бұл процесс 2-3 айға созылса, бүгінде ақша шамамен 9 күнде жіберіледі. Әр аймақтағы көлік құралдарының апаттылығын ескеретін түзету коэффициенті енгізілді. Бұл бастама 20 аймақтың 11-де тарифтерді 14%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.