Оның айтуынша, жобалау ұйымдарының ұсыныстары құрылыс объектілерін салудың қолданыстағы механизміне қатысты негізі 3 бағытты қамтиды.
«Бірінші, қолданыстағы механизмді қайта қарап, жобаны кешенді іске асыру үшін, жоспарлаудан бастап пайдалануға бергенге дейін білікті бір мердігер ұйымға беру. Екінші, жобалау процесін оңтайландыру үшін техникалық-экономикалық негіздемеге жобалаудың екі кезеңді «жоба» процедурасын қосу. Үшінші, жобалау ұйымының басшылығымен техникалық және авторлық қадағалау қызметтерін біріктіру», – деді спикер.
Бұл ұсыныстарды уәкілетті орган қолдайды. Олар уақытылы және орынды көтеріліп отыр. Америкалық сарапшылардың пікірінше, ұсынылып отырған жобаны басқару механизмі жобаны іске асыруда өте тиімді және шығындарды 10-15%-ға азайтады. Әлемде жобалық менеджментті пайдалану тәжірибесі өте үлкен және барлық ірі компанияларда қолданылады.
«Жапонияда барлық құрылыс объектілері, жобаларды басқару технологиялары арқылы бағаланады және жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта жобаларды басқару әдісі қызметтің барлық салаларында, соның ішінде дамыған елдерде мемлекеттік басқаруда кеңінен қолданылып жатқанын ерекше атап өткім келеді. Соңғы жылдары АҚШ, Германия, Жапония, Франция және басқада елдердің үкіметтері өздерінің күнделікті қызметінде жобаларды басқару әдістері мен құралдарын көбірек қолдануда», – деді вице-министр.
Елімізде қазіргі жобаны басқару механизмі жұмыс істемейді. Іс жүзінде ол барлық жобалық шешім қабылданып, сараптама жүргізілген кезде ғана қолданылады. Сондықтан, 3 ұсыныстың алғашқы екеуін Құрылыс кодексіне дейін қабылдау жоспарланған. Тиісті жұмыстар басқа да заң жобалары аясында жүргізілуде.