Мұрат Нұртілеу Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының теңдестірілген сипатын атап өтіп, озық америкалық технологияларды тарту, екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды нығайту және өзара тиімді сауда қатынастарына қол жеткізу арқылы Қазақстанның көлік-логистикалық, инфрақұрылымдық және сауда-инвестициялық әлеуетін прагматикалық іске асыруға ерекше назар аударды. Өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 33%-ға артып, 4 млрд АҚШ долларын құрады.
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары елдер арасындағы энергетикалық қауіпсіздік, маңызды минералдар, климат, бітімгершілік және т.б. салалардағы ынтымақтастыққа жоғары баға берді.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың түбегейлі өзгерістер бағдарламасының дәйекті және жүйелі сипатын құптап, Вашингтонның оларды практикалық іске асыруға жан-жақты жәрдем көрсетуді жалғастыруға дайындығын атап өтті. Энтони Блинкен «Америка Құрама Штаттары Қазақстанның көптеген жаһандық мәселелердегі шынайы көшбасшылығын мойындайды» деп атап өтті.
Сонымен бірге, тараптар «C5+1» диалогын кеңейту және өткен жылдың қыркүйек айында Нью-Йорк қаласында өткен осы форматтағы алғашқы саммиттің уағдаластықтарын іске асыру мәселелерін талқылады.
Кездесу соңында тараптар екіжақты күн тәртібіндегі барлық өзекті мәселелер бойынша диалогты жалғастыруға келісті.