Іс-шараға Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетов, Үндістан Республикасы Премьер-министрінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Аджит Довал, Иран Ислам Республикасының Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жоғары кеңесінің Хатшысы Али Акбар Ахмадиан Бабаки, Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің мүшесі, Қоғамдық қауіпсіздік министрі Ван Сяохун, Қырғыз Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Марат Иманқұлов, Пәкістан Ислам Республикасы Премьер-министрінің кеңсесі жанындағы Ұлттық қауіпсіздік бөлімінің хатшысы Вакар Ахмад, Ресей Федерациясы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Николай Патрушев, Тәжікстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Насрулло Махмудзода, Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Виктор Махмудов қатысты.
Шанхай ұйымының тұрақты жұмыс істейтін органдарынан отырысқа ШЫҰ-ның Бас хатшысы Чжан Мин және ШЫҰ-ның Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының (ӨТҚҚ) Атқарушы комитетінің директоры Руслан Мирзаев, ШЫҰ жанындағы бақылаушы мемлекеттерден Беларусь Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Мемлекеттік хатшысы Александр Вольфович және Моңғолия Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Бямбажаргал Алтангэрэл қатысты.
Делегация басшылары ШЫҰ-ға толыққанды мүше болған Иранға, сондай-ақ алдағы уақытта Ұйымға кіретін Беларуське қолдау білдірді.
Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары терроризм, сепаратизм мен экстремизм, қару-жарақ пен есірткінің заңсыз айналымы, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл, халықаралық ақпараттық қауіпсіздік саласы бойынша ынтымақтастық тетіктерін одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесуге қатысушылар терроризмнің барлық түрі мен оның белгілерін қатаң айыптап, осы зұлымдыққа қарсы күресте халықаралық қоғамдастықты жаһандық ықпалдастықты нығайтуға шақырды.
Лаңкестік, сепаратизм мен экстремизм сипатындағы қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылды, лаңкестік мақсатта қолданылатын трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті, соның ішінде заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу жөніндегі ынтымақтастықты одан әрі жетілдіру қажет екені атап өтілді.
Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты бірлесіп қамтамасыз етуге баса мән беретінін растады.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының он тоғызыншы кездесуінің қорытындысы бойынша Хаттамаға қол қойылды.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының келесі кезекті кездесуі 2025 жылы Қытай Халық Республикасында өтеді.
Жиын аясында Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы ШЫҰ-ның Бас хатшысымен, сондай-ақ Үндістан, Иран, Қытай, Моңғолия делегациялары басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.