Оның айтуынша, төтенше жағдайлар аумағына Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары да жеткізілді. Әскери қызметшілер 12 мыңға жуық қап құм дайындап төседі. Қарулы күштердің әскери инженерлері Ақтөбе облысында су басқан аймақтардағы елдімекендердің жол қатынастарын қалпына келтіруге келіп отыр. Олар Ойыл өзенінде паром өткелін жасады. Ақтөбе және Атырау облыстарында тікұшақтармен 121  адам эвакуацияланды, оның 30-дан астамы - бала. 11 тонна 261 келі гуманитарлық жүк тасымалданды. С-295 ұшағымен Алматы мен Ақтөбеден Атырауға ТЖМ-ның қосымша күштері жұмылдырылды. Оның ішінде 8 қайық және басқа техникалық мүлік жеткізілді.


«Атырау облысының Құлсары қаласында 41433 әскери бөлімінің елу әскери қызметші 1500 қап құм дайындап, тұрғын үй алаптарының периметрі бойынша қорғанысты нығайтты, Атырау облысы Индер ауданы Қарабау ауылындағы осы әскери бөлімнің тағы 50 жауынгері 1700 қапты құммен толтырып, Ойыл өзенінің жағалауын күшейтті. 99116 әскери бөлімінің жеке құрамынан 52 адам Құлсарыға құм салынған қаптардың қорын дайындады»,-деді ведомство өкілі.


 «Батыс» өңірлік қолбасшылығынан келген саперлер командасы Құлсарыдан 30 шақырым жерде Жем өзенінің арнасын кеңейту үшін екі рет жарылыс жасады. Маңғышлақ станциясында 25744 ә/б 66 әскери қызметші су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысының тұрғындарына 20 тонна гуманитарлық көмек тиеумен айналысты.
«Жалпы алғанда қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қорғаныс министрлігінің қосымша күштері апаттық аймақтарға жұмылдырылды. Атап айтқанда қазіргі уақытта Атырау облысы Құлсары  ауданына 275 жеке құрам және 28  бірлік әскери теxника жөнелтілді. Олардың негізгі мақсаты - осы апаттық аймақтарда тұрғындарды эвакуациялауға көмектесіп, жәрдем жасау»,-деді спикер.