Облыс бойынша көлік қатынасынсыз 10 елді мекен қалып отыр. Бірақ бұл 10 елді мекендерде азық-түлік қоры қамтылған. Жалпы миллион текше метр су еріген. Осы күнге дейін 200 мыңнан астам қапшық құм төселген. Олардың барлығына 1900-ден астам жеке құрам, 365 бірлік теxника,76 мотопомпа жұмылдырылды.
«Сонымен қатар бізге Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментінен көмек, Алматы облысы, Ұзынағаштан әскери бөлім қызметкерлері келіп көмектескен болатын. Қазіргі таңда Орал қаласы бойынша 10 пост дайындалған. Жайық, Деркөл өзендерінің су көлемі күнделікті бақылауда. Жайық, Шаған, Деркөл өзендерінің су деңгейі қазіргі таңда Жайық 689 см құрап отыр. Ең қауіпті мөлшері 850 см болып есептеледі. Мониторинг арқасында Жайық өзенінің көтеріліп жатқанын байқаймыз. Осыған байланысты осы Жайық өзенінің жағажайында орналасқан массивтерінен адамдарды алдын ала эвакуациялау жұмыстары жүріп жатыр. Тұрғын үйлерді аралау, құлақтандыру жұмыстары жүріп жатыр»,-деді спикер.
Сонымен қатар қазір Шаған өзенінің деңгейі нормадан асып кетіп отыр. Осыған байланысты Бөрілі, Теректі және Бәйтерек аудандарында эвакуациялық жұмыстар қарқынды түрде жүріп жатыр. 4,5 мың бастан астам үй жануарлары қауіпсіз жерге айдалып жатыр. Қазіргі таңда облыс бойынша жағдай тұрақты күрделі болып қала береді және қатаң бақылауда. Жауаптылар көрші Ресей Федерациясының төтенше жағдай қызметкерлерімен тығыз байланыста отыр. Орынборда болып жатқан жағдайға байланысты 1680 текше метрдей су кетіп жатыр деген ақпарат бар. «Қазагидрометтің» ақпараты бойынша сәуір айының екінші жартысында өңірге су келуі күтіледі.