Жылыой ауданы Құлсары қаласында 2680 нысанды су басқаны анықталды. Арнайы комиссиялар құрылып, бұл нысандарды аралау жүргізіледі. Қазір Құлсары қаласында 231 бірлік техника және 18 дана жүзу құралы, 19 су тарту құралы жұмылдырылған. ҚР ТЖМ күштерінің арқасында дамбаларды соғу, бөгеттерді көтеру жұмыстары, қапшықтарға құм толтыру жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесінде Құлсары қаласындағы 7-ықшам ауданындағы 302 тұрғын үй, 7 әкімшілік ғимарат, 6 білім беру нысаны, 1 жеке емхана, 25 бірлік кәсіпкерлік нысанды су басуға жол берілмеді. Бұл туралы Атырау облысы Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Жантөре Демешов ОКҚ брифингінде хабарлады. 

Құлсары қаласынан барлығы 31009 адам көшірілді. Маңғыстау облысына 20821 адам, Теңіз вахташылар қалашығына 7445, Атырау қаласына және Атырау өңірінің басқа аудандарына туыстарына 2743 адам көшірілген. Құлсары қаласының өзінде ашылған уақытша орналастыру пунктерінде 274 адам бар. 

«Жылыой ауданына оқиғалар орын алғаннан бері 203 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. Су тасқыны басталғалы бері тәулігіне 41 хабарлама, жалпы есеппен 125 хабарлама түсті. 179 адам құтқарылды. Үй жануарлары, хайуанаттар құтқарылды. Тұрмыс-тіршілік қалпына келгенше, авариялық-құтқару жұмыстары жүргізіледі», – деді спикер.