Авариялық-құтқару жұмыстарына 24 мыңнан астам адам, 3000-ға жуық техника жұмылдырылды. ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Сайпаш Ерасыл ОКҚ брифингінде осындай мәліметтерді жариялады.
ТЖМ және жергілікті атқарушы органдардың күшімен 8 млн астам текше метр астам еріген су тартылды, 1,2 млн қапшық және 1 млн 112 мың тонна инертті материал төселді.
«Еліміздің 8 өңірінде Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында 28 жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай әрекет етеді. ТЖМ азаматтарды аса мұқият болуға, су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтауға, үйлерден және эвакуациялық пунктерден тиісті рұқсатсыз кетпеуге шақырады», – деді спикер.
Жедел желі телефондарына 1203 қоңырау келіп түсті, 84 адамға шұғыл психологиялық көмек көрсетілді. Тәулік бойы режимде 20 өңірде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істейді.