Төтенше жағдай режимі жарияланған аудандар мен қалаларда тұратын мүгедектігі бар азаматтарға 2024 жылғы II тоқсанда қайта куәландыруға тиіс келесі қызметтер төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін автоматты түрде ұзартылатын болады: мүгедектік мерзімдері, жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі, кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі және оңалтудың жеке бағдарламалары. Бұл ретте төтенше жағдай режимінің әрекет ету мерзімі аяқталған ай да толық есептеледі.
«Мемлекеттік жәрдемақыларды төлеу бұрын белгіленген мүгедектік тобы бойынша жүзеге асырылады. Автоматты түрде ұзарту су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар мен мүгедектігі бар азаматтарға мемлекеттік қолдауды уақытылы көрсетуге мүмкіндік береді. Мүгедектігі бар азаматтар бірінші кезектегі тәртіппен санаторийлік-курорттық емдеумен және техникалық құралдар болмаған немесе су басу кезінде зақымданған жағдайда қамтамасыз етіледі», – деді спикер.
Төтенше жағдай жарияланған аудандар мен қалалардағы субсидияланатын жұмыс орындарына орналасқан қазақстандықтардың жалақысы өзгеріссіз қалады. Қазіргі кезде жұмыссыздардың білім деңгейі мен жасына қарай субсидияланатын жұмыс орындарының 6 түрі іске асырылуда: қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас» жобалары.
«Төтенше жағдай кезеңінде субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған жұмыссыз адамдардың жалақысын еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушілерден мәліметтер талап етпей төлейтін болады. Сонымен бірге жастарға жеңілдетілген микрокредит беру бағдарламасы бойынша қарыз алған, ал қазір су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға микрокредиттер бойынша төлемдер кейінге қалдырылады, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың өзге де шаралары қаралады. 2024 - жылғы кестелер бойынша барлық төлемдер 2025 жылдан бастап қаржыландыру мерзімінің соңына дейін кейінгі төлемдерге біркелкі үлестермен бөлінетін болады», – деді ведомствоның ресми өкілі.