Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Дидар Ибраев ОКҚ алаңында өткен брифингте 10 сәуір күні сағат 16:00-дегі жағдай бойынша өңірде су басқан үйлер жоқ екенін хабарлады. Тәулік бойы Жедел штаб жұмыс істейді, барлық мәселе облыс әкімінің тұрақты жеке бақылауында.

«2-6 сәуір аралығында төтенше жағдай режимі жарияланған Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылы бойынша ауылдың ойпатында орналасқан және жүйелі түрде су басуға бейім үйлерді су басу проблемасын кешенді шешу үшін өңірлік жедел штаб сыйымдылығы 200 мың текше метр суды құрайтын үш жаңа шұңқыр жасау бойынша шаралар жүргізу туралы шешім қабылдады. Бұл алдағы уақытта ауылды су басу қаупі проблемасын кешенді түрде шешуге мүмкіндік береді. Тәулік бойы 12 бірлік ауыр техникамен шұңқырлар жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғын үйлерді су басу қаупі толығымен жойылды, жағдай тұрақтандырылды», – деп баяндады спикер.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша су тасқыны кезінде үйлері зардап шеккен барлық тұрғынға жан-жақты көмек көрсетіледі. Бүгінгі таңда 107 отбасы бюджеттен тыс демеушілік қаражаттан жалпы сомасы 96,7 млн теңге көлемінде өтемақы алды. Төлемдерді су тасқыны кезінде үйлері қатты зардап шеккен Жалаулы ауылының 9 тұрғыны алды.

Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылында комиссияның шешімі бойынша қалпына келтіруге жатпайтын авариялық үйлердің орнына салынатын 5 жаңа үйдің құрылысы басталды. Шығындарды ERG тобы өз мойнына алды. Үйлердің құрылысын 3 ай ішінде аяқтау жоспарлануда.

Бұдан бөлек, осы аптада зардап шеккендерге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы мемлекеттік әлеуметтік төлем төленетін болады. Осылайша, бүгінгі таңда облыс тұрғындарынан су тасқынынан келтірілген залал бойынша келіп түскен өтінімдер толық көлемде өтелді. Бұл ретте өтінімдерді қабылдау сәуір айының соңына дейін жалғасады, ешкім назардан тыс қалмайды.

«Өңірдегі жағдайдың тұрақтануына байланысты Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаментінің 55 қызметкері, 11 бірлік техникасы және қаражаты Солтүстік Қазақстан облысына су тасқынына қарсы күресте көмекке жіберілгенін атап өткім келеді», - деп түйіндеді спикер.