Жоспарға сәйкес, әрбір зардап шеккен отбасына 100 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы берілетін болады. Қираған үйлер Үкімет резерві есебінен қайта салынады. Өңірлерге қаражат Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арқылы бағытталады. Жөндеуді қажет ететін үйлер әкімдіктердің қаражаты есебінен қалпына келтіріледі. Залалды бағалауды әкімдіктер су кеткеннен кейін бірден жүргізеді. Саяжай үйлері бойынша өтемақы мөлшері 100 АЕК дейін құрайды.
«Бұл ретте, егер саяжай жалғыз тұрғын үй болып табылса немесе зардап шеккендер халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жататын болса, әкімдіктер баламалы тұрғын үй беру мүмкіндігін қарастыратын болады. Ауыл шаруашылығы жануарлары бойынша шығындарды өтеу жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен жүргізілетін болады. Жергілікті атқарушы органдардың тізімдеріне сәйкес су тасқынынан зардап шеккендер санатына жатқызылған барлық азаматтарға банктер мен МҚҰ бөлімшелеріне бармай-ақ кредиттер бойынша төлемдерді 3 ай мерзімге 2024 жылғы 1 сәуірден 30 маусымға дейін) автоматты түрде кейінге қалдыру беріледі», – деді спикер.
Зардап шеккен халықтың тізімдерін және залалды бағалауды әкімдіктер қалыптастырады және жүргізеді. Зардап шеккен мүліктің тізімімен бірге бір мезгілде құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелері болған жөн. Ақпарат жаңартылған сайын Қаржы министрлігі оны жедел түрде хабарлайтын болады.