БҚО бойынша авариялық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Қала мен 4 аудан бойынша төтенше жағдай жарияланды. Облыста Жайық өзенінде судың көтерілуі байқалуда. Бүгінгі күнге дейін 13 мың адам эвакуацияланды. Олардың 5 мыңы – балалар. Қазір облыста 20 эвакуациялық пункт жұмыс істер тұр. Бұл жерлерде 1800-ден астам адам орналасқан. Бір млн текше метрден астам еріген қару суы тартылды. 277 мыңнан астам қапшық төселді.  Бұл жайлы Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Нұржан Төлеуіш ОКҚ алаңында хабарлады. 

Соңғы бір тәулікте Жайық өзенінің 10 см-ге көтерілгені байқалады. Қазір оның деңгейі - 7 метр 27 см. Оның қауіпті деңгейі 850 см болып есептеледі. 

«Қазір облыста Жайық жағасындағы елді мекендерді судан алып қалу үшін Жайық жағасын көтеру, қапшықтарды төсеу, дамбаларды нығайту, жағажай маңындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Орал қаласы мен 4 аудан төңірегінде 19 мыңнан астам қапшық төселді», – деді спикер. 

Бұл жұмыстарға Облыстық төтенше жағдайлар департаменті күш-құралдары, жергілікті атқарушы органдары, Маңғыстау ТЖД және Алматы облысының әскерилері жұмылдырылды. Қазір облыс бойынша жағдай тұрақты күрделі болып қала береді, ол қатаң бақылауда.