Азаматтық қорғау қызметтерімен 97 мыңнан астам адам, оның ішінде 32 мыңнан астам бала құтқарылды және эвакуацияланды. Қазіргі уақытта уақытша орналастыру пункттерінде 7 173 адам, оның ішінде 3 494 бала орналастырылды. Бұл туралы ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Сайпаш Ерасыл ОКҚ брифингінде хабарлады. 

ТЖМ және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен 8,8 млн астам текше метр еріген қар суы тартылды, 1,4 млн. астам қапшық және 1,1 млн тонна инертті материал төселді. 

«Авариялық-құтқару жұмыстарына 27 мыңнан астам адам және 3 мыңға жуық бірлік техника мен 15 әуе кемесі жұмылдырылды. Еліміздің 8 өңірінде Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Ақмола, Қарағанды, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында жергілікті ауқымдағы 29 ТЖ әрекет етеді», – деді спикер.