Ақтөбе облысында осы уақытта су тасқынына қатысты жағдай тұрақты деңгейде. Облыс әкімінің төрағалығымен Жедел штаб тәулік бойы жұмыс атқаруда. Бүгінгі күнге дейін 41 елді мекен немесе 5 000-ға жуық абонентке электрмен жабдықтау қызметі қалпына келтірілді. Қазіргі таңда 14 елді мекенде 236 абонент электр энергиясынан ажыратулы, дегенмен барлық тұрғынға дизельдік генератор арқылы тоқ беруледі. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев ОКҚ алаңында осылай деп мәлімдеді. 

Осы уақытта 10 бригада, 60 техника барлық елді мекенде қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруда. Электр қуатын қалпына келтіру жоспары құрылды. Жоспарға сәйкес су деңгейінің төмендеуіне орай 7 күн ішінде жұмыстар аяқталады. 

«Облыстағы 11 елді мекенмен жол қатынасы уақытша үзіліп тұр. Салыстырмалы түрде айтсақ, 30 наурызда осындай 17 елді мекен болған. Бүгінде, 10 елді мекенмен көлік қатынасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, Ойыл ауылындағы үлкен көпірді қалпына келтіру жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Жобалау мекемелерімен техникалық тексеру жұмыстары ұйымдастырылды. Осы аптаның аяғына дейін қалпына келтіру жұмыстарының көлемін анықтайтын боламыз», – деді спикер.