Осы сағатта авариялық-құтқару жұмыстарына 30 мыңға жуық адам, 3 мың бірлік техника, 500-ге жуық су тарту мен жүзу құралдары, 16 әуе кемесі жұмылдырылды. Қазіргі уақытта Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында 3 497 жеке тұрғын үй, 489 аула аумағы, 1 778 саяжай үйі және 55 әртүрлі ғимарат су астында қалып отыр. Бұл туралы ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш ОКҚ алаңында мәлімдеді.

Су тасқыны кезеңінің басынан бері барлығы 98 мыңнан астам адам, олардың 33 мың бала қауіпсіз жерлерге жеткізілді. Уақытша орналастыру пунктерінде 7 мың адам, оның ішінде 3 364 бала бар. 

«Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жағдайдың күрделенуіне, өзендердегі су деңгейінің жоғарылауына байланысты тұрғындарды алдын ала эвакуациялау жүргізілді, сондай-ақ жағалауды нығайту жұмыстары, суды айдау, халықты хабардар ету және ақпараттандыру, өзендер деңгейіне мониторинг жүргізілуде. Жағдай бақылауда», – деді спикер.