Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында 3 513 жеке тұрғын үй, 489 аула аумағы су астында қалуда. 2 983 тұрғын үй мен 1 868 аула аумағынан су бұрылды. ТЖМ және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен 8,9 млн жуық текше метр еріген қар суы тартылды, 1,6 млн қапшық және 1,2 млн тонна инертті материал төселді.
«Су жүрген 110 автожол, су шайған 116 автожол, оның ішінде 9 көпір және 107 жол төсемі бақылауда тұр. 67 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды, онда жергілікті атқарушы органдар халықпен байланыс орнатып, қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорларын жасады. Авариялық-құтқару жұмыстарына 38 595 адам, 3 775 бірлік техника, 738 су сору және 199 суда жүзу техникасы мен 17 әуе кемесі жұмылдырылған. Зардап шеккен өңірлерге 1 мың тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. Еліміздің су тасқыны қаупі бар өңірлеріне басқа өңірлерден ТЖМ-нің қосымша күштері мен құралдары жөнелтілді», – деді спикер.
Соңғы тәулікте ТЖМ күштері мен құралдары Шымкент қаласынан, Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды, Түркістан және Абай облыстарынан және ТЖМ екі әскери бөлімінің әскери қызметшілері, сондай-ақ Апаттар медицинасы орталығының бригадасы Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарына жіберілді.
Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқыны жағдайының күрделенуіне, өзендердегі су деңгейінің көтерілуіне және еріген қар суының келуіне байланысты тұрғындар эвакуацияланды. Су басқан аумақтардан еріген қар суын бұру және жағалауды нығайту жұмыстары жалғасуда. Өзендердің су деңгейіне мониторинг жүргізіліп жатыр.
«Атырау облысының Құлсары қаласынан эвакуацияланған азаматтарды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік материалдық резервтен 264 тонна азық-түлік броньнан шығарылды. Атырау және Батыс Қазақстан облыстарына су тасқынын жоюға жұмылдырылған әскери қызметшілер үшін қосымша 92 тонна азық-түлік өнімдерін броньнан шығару жоспарлануда», – деді ТЖМ өкілі.
Сонымен қатар 8 облыстағы су тасқынын жою үшін мемлекеттік материалдық резервтен арнайы және инженерлік техникалар, төсек-орын жабдықтары, далалық ас үйлер, наубайханалар, шатырлар броньнан шығарылды. Еліміздің 8 өңірінде Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында жергілікті ауқымдағы 34 ТЖ әрекет етеді.
ТЖМ азаматтарды аса мұқият болуға, су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтауға, үйлерден және эвакуациялау пунктерінен тиісті рұқсатсыз кетпеуге шақырады.