Осы сағаттарда елордалық Достық үйінің алаңында «Жүректен жүрекке» акциясы өтіп жатыр. Шара еліміздің барлық өңірлерінде де ұйымдастырылуда.
«Қазіргі кезде 7 көлік СҚО-ға аттанады. Олара су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық жүк жеткізеді. Онда азық-түлік те, қажетті заттар да бар. Гуманитарлық көмек жинау Достық үйлерінің бәрінде жүргізіліп жатыр. ҚХА барлығы 600 тонна гуманитарлық көмек жинады, кәсіпкерлердің, меценаттардың қайырымдылық көмегін ескерсек, ақшалай баламада бұл шамамен 430 млн теңгені құрайды. Бұдан басқа, су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізуге арнайы техника бөлінеді. Өңірлерде ҚХА меценаттары 35-ке жуық арнайы техника берді. Бұл жұмыс жалғасуда. Жалпы Қазақстан бойынша ҚХА-ның 11 мыңға жуық еріктісі жергілікті жерлерде еңбек етуде. Қазақстандықтар жұдырықтай жұмылып отыр. Бірліктің арқасында біз осы сын-қатерді еңсереміз», – деді «Жастар Ассамблеясы» РҚБ төрағасы Тимур Джурумбаев ОКҚ алаңында өткен брифингте.