«Жаңбыр жауады, елдің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында – қатты жаңбыр жауады, таулы аудандарда жауын-шашын (жаңбыр, қар), шығыста, республиканың орталығында жауын-шашын (жаңбыр, қар) болжанады. Қазақстан бойынша тұман, жел күшейеді, солтүстігінде, шығысында көктайғақ, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында найзағай, оңтүстік-батыста күндіз шаңды дауыл болады деп күтілуде. Жетісу облысында Алакөл ауданында кей жерлерде желдің күші 30 м/с және одан да көп екпінді болады деп күтілуде», – деді «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмагулова Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте.

Өткен тәулікте Түркістан, Жамбыл, Алматы, СҚО бойынша 5 гидрологиялық дауылды ескерту шығарылды.

«Солтүстік Қазақстан облысында 12-14 сәуір аралығында Қызылжар ауданында және Петропавл қаласында жауын-шашынның болжамына байланысты мұз құбылыстары әсерінен (мұз жүру, мұз кептелістері) Есіл өзеніндегі су деңгейі қауіпті деңгейге дейін күрт көтерілуі, асып кетуі және судың өзен жағасынан шығуы күтілуде. Петропавл қ. – Есіл ө. гидрологиялық бекетінде су деңгейінің тәулік ішінде 224 см күрт көтерілуі байқалды. 11 сәуірде сағат 8:00-дегі жағдай бойынша су деңгейі 894 см құрады, қауіпті деңгей – 980 см», - деді спикер.