Атырау облысында Жем өзенінің деңгейі 15 см дейін түсіп отыр. Қазіргі уақытта су тасқыны басталғалы бері су 107 см-ге түсті. Тасқын салдарын жою үшін Жылыой ауданына 6052 адам, 219 бірлік техника, 17 бірлік жүзу құралдары, 21 бірлік мотопомпа жұмылдырылды. Ауданда жаға бекіту жұмыстары әлі жүріп жатыр. Барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істейді. ТЖД, жергілікті атқарушы органдар, Полиция департаменті, Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері, Ұлттық ұлан өкілдері бірлесіп атсалысуда. Бұл туралы Атырау облысы ТЖД баспасөз қызметінің ресми өкілі Айсұлу Келдіғалиева ОКҚ алаңында өткен брифингте мәлім етті.

«Соңғы деректер бойынша, аудан орталығында 2798 үй су астында қалған. Бүгінгі күні 12 үйден су кетті. Аудан төңірегінде облыстық маңызы бар Доссор-Құласары-Ақтау тасжолын су шайып кетті. Ауданнан 36 708 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 8 382 бала бар. 10 мыңнан астам төрт түлік мал қауіпсіз жерге шығарылды. 2024 жылғы 5 сәуірден бастап Жылыой ауданы бойынша су тасқыны орын алуына байланысты ТЖД-де қауырт желі жұмыс жасап жатыр. Осы қауырт желіге 140-тан астам қоңырау келіп түсті. Эвакуацияланған адамдарға шұғыл психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Гуманитарлық көмек жан-жақтан келіп түсуде»,-деді спикер.