12 сәуірдегі сағат 09:30 жағдай бойынша халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында ауа райының жылынуы мен қардың тез еруі салдарынан Ақмола, Атырау, Қостанай, СҚО-да жалпы ұзындығы 8,5 шақырым 8 жол жүру учаскесінде болатын су тасқыны орын алды. Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Маңғыстау, СҚО-да республикалық маңызы бар ұзындығы 618 шақырым болатын 13 автомобиль жолдарында көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет ОКҚ брифингінде осы жолдардағы ахуалға тоқталды. 

«Атап өтсек, Ақмола облысында «Көкшетау-Атбасар» тас жолының 120-184 шақырымы. «Екатеринбург-Алматы» тас жолының 856-917 шақырымы. Ақтөбе облысында «Қандыағаш - Ембі - Шалқар - Ырғыз» тас жолының 3-92 шақырымы. Атырау облысында «Доссор - Құлсары - Бейнеу - Сайөтес - Шетпе - Жетібай - Ақтау» тас жолының 4-119 шақырымы. «Мұқыр - Құлсары» тас жолының 0-136 шақырымы. Қостанай облысында «Мариновка ауылына кіреберіс» тас жолының 0-9 шақырымы. «Денисовка Тавриченка - Аршалы - Комаровка» тас жолының 42-96 шақырымы. «Қостанай - Жақсы - Қарабұтақ - Қостанай» тас жолының 4-5 шақырымы. Маңғыстау облысында  «Доссор - Құлсары - Бейнеу - Сайөтес - Шетпе - Жетібай - Ақтау» тас жолының 210-220 шақырымы. Солтүстік Қазақстан облысында «Рощинское - Корнеевка - Волошинка» тас жолының 0-47 шақырымы, «Жезқазған-Петропавл» тас жолының 869-875 шақырымы, «Екатеринбург-Алматы» тас жолының 835-856 шақырымы, «Челябинск-Новосибирск» тас жолының 525-530 шақырымы», – деді спикер. 

Қазіргі таңда республикалық жолдарда 853 адам және 450 бірлік техника су тасқынын алдын алу бойынша жұмыс атқаруда. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы су тасқынына қарсы шараларға белсенді қатысып, аймақтарға табиғи апаттармен күресуге көмек көрсетіп жатыр. Компания жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері бойынша Батыс Қазақстан және Атырау облыстарына қосымша арнайы техникаларды жұмылдырды. 

«Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысының Бөрлі және Теректі аудандарына 33 бірлік техника жіберілді. Сонымен қатар резервте кез келген уақытта қолдау көрсетуге қосымша 74 бірлік техника дайын тұр. Атырау облысының Атырау, Құлсары қалаларында және Махамбет, Хамит Ерғалиев пен Дамбы елді мекендерінде 138 бірлік техника су тасқынына қарсы шараларда жұмыс істеуде. Табиғи апаттың алдын алуға басқа облыстардан қосымша 64 бірлік техника мобилизацияланды», – деді С.Ділдахмет.  

Су тасқынына қарсы іс-шаралар шеңберінде Қазақстанның басқа өңірлеріне, соның ішінде Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарына қосымша көмек жіберілді. Жалпы 2106 бірлік жол-құрылыс техникасы, 24 мотопомпа мен 2826 жұмысшы жұмылдырылды.